«Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау
басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
«Облыстық қан орталығы» шаруашылық жүргізу
құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны

Коммунальное государственное предприятие на праве
хозяйственного ведения «Областной центр крови»
коммунального государственного учреждения «Управление
здравоохранения акимата Северо-Казахстанской области»

Қан тапсыр да, өмірді құтқар!

Жұмыс тәртібі: Дс-Жм 08:00-ден 17:00-ге дейін
Донорларды қабылдау:

Дс-Жм сағат 08:00-ден 13:00-ге дейін, Сн-Жс — демалыс

Қабылдау бөлімі: 8(7152)46-57-97
Қан орталығының тіркеу орны: 8(7152)46-75-86
Медициналық қызметтерді тұтынушыларды қолдау қызметі: 8(7152)46-08-35

E-mail: Blood_zdrav@sqo.gov.kz
Петропавл қаласы,  Театральная көшесі, 56

Донорлық бағдаршам
O (I) A (II) B (III) AB (IV)
Rh+ Rh- Rh+ Rh- Rh+ Rh- Rh+ Rh-
 
Берілген топтағы қанның қоры және резус факторы жеткілікті мөлшерде.
 
Қанның қоры жеткіліксіз, толтыру үшін келу қажет.
 
Қан қоры ең төмен шекке жетті.

Сайтқа авторландыру

Сайтқа тіркелу

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі

7-бөлім. Донорлық және транспланттау

26-тарау.Қан мен оның компоненттерінің донорлығы  

162-бап. Донорлық, қан,  оның компоненттерін және препараттарын дайындау 

1. Қан мен оның компоненттерінің донорлығы (бұдан әрі - донорлық) - қан мен оның компоненттерін медициналық мақсаттар үшін донациялау арқылы азаматтардың денсаулығын сақтауға донорлардың ерікті түрде қатысуы.

2. Донорлық донорды медициналық куәландыру, одан қан алып дайындау, қанның компоненттерін бөлу және сақтау жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды.

3. Қан мен оның компоненттерін дайындау процесі мыналарды қамтиды:

1) қан донациялау - донор тапсыратын қанды біржолғы бөліп алу;

2) плазма донациялау - қан плазмасын плазмаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.

Алынатын плазманы иммундық сипаттамаларына қарай былайша ерекшелеп бөледі:

  • қан препараттары мен диагностикалық реагенттер өндіру үшін пайдаланылатын, белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар изоиммундық плазма;
  • құрамында табиғи немесе жасанды түрдегі белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар, ауруларды қоздырғыштардың белгілі бір түрлеріне нысаналы түрде емдік өзара іс-әрекет жасау қасиеті бар иммундық плазма. Иммундық плазма реципиентке құю немесе қан препараттарын өндіру үшін пайдаланылады;

3) жасушалар донациялау - донор қанының жасушаларын цитаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.

4. Қанды дайындау және өңдеу процесінде:

1) қан компоненттері - қанның одан жасушалар және жасушасыз орта түрінде бөлініп алынған құрамдас бөліктері;

2) қан препараттары - қан компоненттерін өңдеу кезінде алынған дәрілік заттар алынады.

5.Қанды, оның компоненттерін дайындау, өңдеу, сақтау, өткізу номенклатурасын, қағидаларын, сондай-ақ қанды, оның компоненттері мен препараттарын сақтау, құю қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

 163-бап. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар

1. Қан мен оның компоненттерін дайындауды, өңдеуді, сақтауды және өткізуді тиісті лицен­зия­сы бар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.

2. Қан препараттарын өндіруді тиісті лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асырады.

3. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар олардың сапасы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.

4. Қазақстан Республикасының аумағында тө­тенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда, донорлықты ұйымдастыру Қазақстан Респуб­ли­касының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 

164-бап. Донорлық қанның, оның компоненттері мен препараттарының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету

1.Донорлық қанның, оның компоненттері мен препараттарының қауіпсіздігі донорларды медициналық куәландыру, донорлық қанды зертханалық скринингтеу, қан мен оның компоненттерін дайындау бойынша, карантиндеу, лейкофильтрациялау, вирусинактивациялау, радиациялық сәулелендіру әдістерін және Қазақстан Республикасында рұқсат етілген басқа да әдістерді қолдана отырып, қан компоненттерін алу бойынша белгіленген талаптарды сақтау жолымен қамтамасыз етіледі.

2. Донорлық қан мен оның компоненттері уәкілетті орган  айқындайтын тәртіппен сапасын бақылауға жатады.

3.Тиісінше таңбаланбаған донорлық қанды, оның компоненттерін, препараттарын пайдалануға және өткізуге тыйым салынады.

4. Донорлық қанды, оның компоненттерін және препараттарын құюды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен медицина қызметкерлері оларды қауіпсіз қолдану жөніндегі тиісті талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. 

165-бап. Донор, оның құқықтары мен міндеттері

1. Он сегіз жасқа толған, тиісті медициналық зерттеп-қараудан өткен және қарсы көрсетілімдері жоқ, медициналық мақсаттарда қан мен оның компоненттерін донациялауды жүзеге асыруға ерікті түрде ниет білдірген жеке тұлға донор болуға құқылы.

2. Донор:

       1) қан мен оның компоненттерін донациялауды өтеусіз жүзеге асыруға;

      2) қан мен оның компоненттерін уәкілетті орган белгілеген мөлшерде ақылы донациялауды жүзеге асыруға;

      3) медициналық зерттеп-қарау нәтижелерімен танысуға;

      4) осы Кодекске сәйкес көтермеленуге құқылы.

3. Донор қазіргі немесе бұрын ауырған барлық аурулары туралы өзіне белгілі мәліметтерді, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды пайдаланғаны туралы хабарлауға міндетті.

166-бап. Донорды медициналық зерттеп-қарау

1. Қан мен оның компоненттерін донациялау алдында донор уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен міндетті түрде тегін медициналық зерттеп-қараудан өтеді.

2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін денсаулық жағдайы туралы анықтамалар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін беріледі.

    167-бап. Донорға берілетін кепілдіктер

  1. Донор болып табылатын қызметкерді медициналық зерттеп-қарау және қан мен оның компоненттерін донациялау күндері жұмыс беруші орташа айлық жалақысын сақтай отырып, жұмысынан босатады.

Донорлық функцияны жүзеге асыратын донор орташа жалақысы сақтала отырып, қосымша бір демалыс күнін өтеусіз алады. 

2. Егер донор болып табылатын қызметкер жұмыс берушімен келісім бойынша қан мен оның компоненттерін донациялау күндері жұмысқа шықса, оның орташа айлық жалақысы сақтала отырып, өзінің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі не бұл күн жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін.

3. Донор болып табылатын қызметкерді қан мен оның компоненттерін донациялау күндері түнгі уақыттағы жұмыстарға, үстеме жұмыстарға, ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмейді.

4. Донор болып табылатын әскери қызметші қан мен оның компоненттерін донациялау күндері нарядтарда, вахталарда тұрудан және қызметтің басқа да түрлерін атқарудан босатылады.

5. Донор болып табылатын студенттер, оқушылар қан мен оның компоненттерін донациялау күндері оқу-тәрбие процесінен босатылады.

6.  Донорларды көтермелеу жүйесін уәкілетті орган бекітеді.Донорға қан мен оның компоненттерін донациялаудың жиынтық санын ескере отырып, берілетін қосымша көтермелеу шаралары Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.

7. Донорлық функцияны өтеусіз жүзеге асырған донор қан мен оның компоненттерін донациялағаннан кейін өз қанының көлемі мен организмінің әл-ауқаты шығындарын толтыру үшін таңдауы бойынша тегін тамақ не уәкілетті орган белгілейтін мөлшердегі оның ақшалай баламасын алады.

8. Донорлық функцияны ақылы негізде атқарған донорға қан мен оның компоненттерін дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен және мөлшерде ақы төлейді.

168-бап. Жұмыс берушілер мен ұйымдар басшыларының донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар
жасау жөніндегі міндеттері.

1. Жұмыс берушілер мен ұйымдардың басшылары донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау мақсатында:

1) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына азаматтарды донорлар қатарына тартуына жәрдем көрсетуге;

2)  қан мен оның компоненттерін алу үшін қажетті үй-жайларды өтеусіз   беруге және жағдай жасауға;

3)  донор болып табылатын қызметкерді зерттеп-қарау және қан мен  оның    компоненттерін донациялау күні жұмыстан кедергісіз босатуға;

4) донор болып табылатын қызметкерге осы Кодексте белгіленген кепілдіктерді беруге міндетті.

2.  Жұмыс берушілер мен ұйымдар басшыларының донорларды қосымша  көтермелеуге құқығы бар.

 

                                                       Астана, Ақорда, 2009 жылғы қыркүйектің 18-і. 

(2015ж. 06.04-дегі жағдай бойынша өзгерістермен және толықтырулармен)

 

Қан донорлары неге қажет?

            Донор қаны мыңдаған науқастарға күн сайын қажет. Өкiнiшке орай, көптеген адамдар жақын адамдары науқастанғанда немесе елде қайғылы оқиға болғанда – өрт, лаңкестік акт, дүлей апат, басқа апаттардан зардап шеккендердің саны көп болған жағдайда ғана донорлық туралы естеріне алады. Бірақ шындығында қан қажеттілігі әрдайым зор. Донорлық қанмен әсіресе үлкен қалалардың жағдайы қиын болып тұр: өйткені медициналық орталықтар сонда орналасқан, сондықтан еліміздің барлық аймақтарынан адамдар емделуге сонда келеді.

Кейбір науқастарға жарақат немесе ота нәтижесінде қансыраудың орнын толтыру үшін бір-екі рет қана қан құю жеткілікті. Кейбіреулеріне көп ай немесе тіпті жылдар бойы қан компоненттерін жүйелі түрде құю керек. Тіпті өмір бойы қан құюды қажет ететін науқастар да бар. Жер бетінің әрбір үшінші тұрғыны өмірінде бір рет болса да донорлық қанға мұқтаж болады екен дейді.

Кiмге қан құю керек?

Донорлық қан және қан препараттары көпшілікке өте қажет:

           апаттан зардап шеккен, ауыр жарақат алған, күйген, қайғылы оқиға нәтижесінде көп қан кеткен адамдарға;

әр түрлі оталарды, соның ішінде протездеуді, ағзалар трансплантациясын, жүрекке және тамырларға ота жасауды қажет ететін науқастарға;

кейбір босанатын әйелдерге және жаңа туған балаларға;

қан ауруларымен ауыратын пациенттерге (лейкоз, апластикалық анемия, кейбір тұқым қуалайтын аурулар);

химиотерапиядан өтетiн онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға.

Донорлық қан алатын адамды реципиент деп айтады.

Кейбір реципиенттерге қансыраудың орнын толтыру үшін тек бір рет қана қан құю керек. Кейбіреулеріне мысалы, лейкоз немесе апластикалық онемияны емдеу кезінде көп ай, тіпті жылдар бойы қан компоненттерін жүйелі түрде құюды қажет етеді.  Сондай-ақ қан компоненттері мен препараттарын өмір бойы құюды қажет ететін аурулар да (гемофилия, талассемия  және т.с.с.) бар. Сондықтан донорлық қанның әрбір тамшысы біреудің өмірін құтқару үшін қажет деп айтсақ артық болмас.

 

Кiм донор бола алады?

 

Жасы 18-ге толған дені сау кез келген адам қан доноры бола алады.

 

Әр адам өз кәсіпорнында, мекемесінде немесе республикалық қан орталығына келіп  қанын тапсыра алады. 

 

Ересек адам организмінде 5-6 литр қан болады, бұл 1/13 немесе 7-8 % дене салмағына сәйкес.

 

            Дәрігерлер сансыз көп зерттеулер және бақылаулар нәтижесінде 400-450 мл. қан немесе 600 мл. плазма алу сау адамның организмін және оның еңбекке жарамдылығына әсер етпейтіндігін дәлелдеді.

 

            Зат алмасуы күшейеді, көңіл-күйі жақсарады, бет терісінің түсі ажарланады, бауыр жеңілденеді, организм жасарады.

 

Сондықтан дәрігерлер жылына 5 ретке дейін, екі ай өткен сайын бір рет қан тапсыру адам организміне ешқандай зиян келтірмейді деп санайды.  

 

            Донорлық үшін бірнеше қарсы көрсетілімдер бар. 

 

      1. гепатитпен;

 

      2. бруцеллезбен;

 

      3. мерезбен;

 

      4. жүрек кемістігі, бронх демікпесімен, есірткі тұтынушылар, АИТВ инфекциясын жұқтырғандар, созылмалы маскүнемдікпен ауырған немесе ауырып жүрген адамдар донор бола алмайды.

 

Донорлардың келесi санаттары бар:

 

     1. қан донорлары; 

 

     2. плазма донорлары, оның ішінде иммундық; 

 

     3. қан жасушалар (тромбоциттер, лейкоциттер) доноры;

 

    4. диагностикалық мақсаттар үшін пайдаланылатын, қаны эритроциттер мен лейкоциттердің белгілі бір антигендік құрылымды донорлар;

 

    5. аутодонорлар – жоспарлы ота жасар алдында өзі үшін қан немесе оның компоненттерін тапсыратындар.     

 

Егер Сiз донор болуға шешiм қабылдасаңыз

 

18 жастан асқан және салмағы 50 кг-нан кем емес дені сау адамдар жаңа алынған қан доноры бола алады. Дегенмен, біз қан тапсырар алдында донорлыққа қарсы көрсетілімдер тізімімен танысуға және Сіздің қан тапсыруға мүмкіндігіңіздің болуын  білуге кеңес береміз. Біздің сайтымызда бұл тізім көрсетілген.

 

Донорлыққа абсолюттік қана емес, уақытша қарсы көрсетілімдердің бар екендігіне назар аударыңыздар: етеккір кезінде және ол біткеннен 5 күн ішінде, тіс жұлғаннан кейін 10 күн ішінде, баспа, тұмау немесе ЖРВИ-дан тәуір болғаннан кейін бір ай ішінде, әр түрлі алдын алу екпелері және т.с.с. кейін белгіленген мерзім ішінде қан тапсыруға болмайды.

 

Қан тапсыруға міндетті түрде жеке куәлікпен келу керек! Қандай да бір басқа құжаттарды (әскери билет, медициналық сақтандыру полюсі және т.б.) әкелу талаптары сирек кездеседі және бұл кейбір медициналық мекемелердің өздігінен істеушілік болып табылады. Медициналық анықтамаларды бір жыл ішінде үш реттен артық қан тапсыратын кадрлық донорлар ғана әкелуі тиіс.

 

Егер Сіз белгісіз пациент үшін қан тапсырсаңыз, онда қан тапсырар алдында өзіңіздің қан тобыңызды білу міндетті емес: оны сізге станцияда немесе қан құю бөлімшесінде анықтайды. Егер қан нақты біреуге керектігі туралы сөз болса, онда әрине алдын ала науқасқа Сіздің қаныңыздың келетіндігі туралы білгеніңіз дұрыс.  

 

Әдеттегідей, донордың тіркелімі болуы керек немесе қан тапсыру емшарасын жүзеге асыратын аймақтың аумағында тіркелуі қажет. Кейбір жағдайларда донор үшін уақытша тіркелімге тұруға немесе тіркелусіз де атаулы қан тапсыруға рұқсат беріледі, бірақ оны әрбір нақты медициналық мекеме үшін ерекше анықтау қажет.

 

Қан тапсыруға қалай дайындалу керек

 

Қан тапсыру - жалпы алғанда, дені сау адамға зиянсыз емшара. Дегенмен, қан тапсыру организмге аздап күш түсіретінін ескеріп, қан берер алдында бірқатар ережелерді сақтаған жөн. Оларды орындау донордың өзі үшін де (қан тапсыру кезінде және одан кейін хал-жағдайының нашарлауын болдырмау үшін), реципиент үшін де (құйылатын қанда ешбір жағымсыз қоспалар болмауы үшін)  маңызды.

 

Жүйелі және үйлесімді тамақтануға тырысыңыз. Қан тапсыру алдында арнайы емдәм сақтаңыз: рационнан майлы, қуырылған, ащы, ысталған тағамдарды, сондай-ақ сүтті тағамдар, жұмыртқа, майды алып тастау қажет. Көмірсуға бай тағамдар: тәтті шай, тосап, нан, кепкен нан, шағын білезік нан, суда пісірілген жарма, суда пісірілген май қосылмаған макарондар, көкөністер, жемістер (банандардан басқа) ұсынылады.

 

Әсіресе егер сіз тромбоциттерге немесе плазмаға қан тапсырсаңыз бұл ұсыныстарды орындау аса маңызды болып табылады. Өйткені донор «жағымсыз» тағамдармен тамақтанса, қанның қажетті құрамдас бөліктерін сапалы ажыратып алу қиынға түседі. Сондай-ақ қан тапсырар алдында майлы немесе қуырылған тағамдарды қабылдау кейбір талдаулардың нәтижесі бұзылуы мүмкін.

 

Қан тапсырар алдында:

 

 - көбірек сұйық: шырын, морс, жеміссу, минералды су ішіңіз;

 

 - қан тапсыруға 48 сағатқа дейінгі уақытта алкоголь ішуден тартыныңыз;

 

 - қан тапсыруға 72 сағатқа дейінгі уақытта аспирин, анальгин және құрамында аспирин мен анальгетиктер бар басқа да дәрілерді ішуден тартыныңыз.

 

 - қан тапсыруға дейін және одан кейін 1 сағат темекі тартудан тартыныңыз;

 

 - ұйқыңыз міндетті түрде қанық болсын! 

 

Егер Сiз  сырқаттанып (қалтырап, бас айналып, бас аурып, әлсізденіп) тұрсаңыз қан тапсыруға келмеңiз. Бұл Сіздің хал-жағдайыңыз үшін және науқастың қауіпсіздігі үшін маңызды.  

 

Қан тапсыратын күні жеңіл таңғы ас қажет. Тәтті шәй, тосап, нан, кепкен нан, шағын білезік нан, суда пісірілген ботқа, макарондар (майсыз), көкөністер, жемістер (банандардан басқа) ұсынылады. Қанды аш қарынға тапсырмаңыз!

 

          Тура қан тапсырар алдында 1-2 стақан қант қосылған ыстық шай ішу ұсынылад.

Мақалың шыққан күні: 24.03.2017 17:58

Парақтағы соңғы өзгерістер: 30.03.2023 16:00

coronavirus
Государственные символы
Акорда
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
«БЖЗҚ» АҚ
Antikor
Премьер
egov
Әділет
Официальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской области
Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң денсаулық сақтау басқармасы
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасы 2011-2015 жж.
banner_anticorruption_rus
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ
4 fms_rus
A- A A+